Баспасөз релиздері

Өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар 83%-ға өсті — Ә. Ерғалиев

Өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар 83%-ға өсті — Ә. Ерғалиев

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндағандай, ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан экономикасы жедел қарқынмен қалпына келе бастады және қазіргі таңда 2,7% өсуді көрсетті.

«Осы есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша нақты сектордағы динамикалық және тұрақты өсу, қызмет көрсету секторындағы динамиканың жеделдеуі, өндіруші емес секторлардағы инвестицияның жоғары өсуі, сауда балансының оң сальдосының сақталуы байқалуда. Нақты сектор экономиканың орнықты даму факторы болып отыр. Осы жылдың қаңтар-шілдесінде нақты сектордағы өсім 3,6%-ға дейін жеделдеді Іскерлік белсенділік қызмет көрсету саласында 2,0%-ға дейін өсті», — деді Ә. Ерғалиев.

Салалар арасында ақпарат және байланыс, құрылыс, сауда, сумен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, электрмен жабдықтау жоғары өсім көрсетуде. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында  да жақсы өсім байқалып отыр.

Министр атап өткендей, экономикалық өсудің маңызды факторы ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту болып отыр. Оның ішінде өндіруші емес салаларда инвестиция тарту белсенділігі байқалуда. Осыған байланысты, есепті кезеңде тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 18,3%-ды құрады. Инвестиция құрылыс саласында – 2,3 есеге, өңдеу өнеркәсібінде – 83%-ға, ақпарат және байланыста – 48%-ға, ауыл шаруашылығында – 46%-ға, саудада – 40%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар 16%-ға және көлікте – 8,3%-ға өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент және Алматы қалаларында байқалуда.

Ағымдағы жылғы қаңтар-маусымда сыртқы сауда тауар айналымы $45,3 млрд құрап, оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш $27 млрд құрады. Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 25%-ға $8,9 млрд дейін өсті.  Тауарлар импорты $18,3 млрд құрады. Жалпы, сауда балансы $8,7 млрд құрап, оң деңгейінде сақталды.

«Өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр. Өндіріс көлемі 5,9%-ға өсті. 14 өңір оң өсу көрсетті. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, Алматы және Қостанай облыстарында байқалуда», — деді министр. 

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша фармацевтикалық өнім өндіру 39%, машина жасау – 22,7%, оның ішінде автомобиль жасау – 34,7%, вагондар мен локомотивтер өндірісі – 37,7%, құрылыс материалдары – 13,2%, пластмасса бұйымдары – 24,7%, дайын металл бұйымдары – 20,4%, киім – 18,7% және жиһаз – 17,6% серпінді өсуді көрсетіп отыр. 

Ағымдағы жылдың жеті айы ішінде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 11,1%-ға өсіп, құрылыс секторы жоғары қарқын көрсетуде. Көрсеткіштің оң өсімі барлық өңірлер бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Түркістан және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалады.

Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша да оң динамика байқалуда. Ағымдағы жылғы қаңтар-шілдеде 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Көрсеткіштің өсуі 10,3%-ды құрады. Есепті кезеңде барлық өңірлер оң өсім көрсетті. Ең жоғарғы өсім Атырау, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады.

Ауыл шаруашылығында 2,4% өсім байқалуда. 13 өңірде оң динамика тіркелді. Ең жоғары өсуді Ақмола, Жамбыл және Павлодар облыстары көрсетті.

7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай.

  • барлық 7 көрсеткіш бойынша оң өсу 4 өңірде – Алматы, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында байқалады;
  • 6 көрсеткіш бойынша 9 өңірде өсу байқалады. Олар Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы;
  • 3 өңірде 5 көрсеткіш бойынша өсу тіркелді;
  • Батыс Қазақстан облысында тек 3 көрсеткіш бойынша өсу байқалуда.

Жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылып отыр.

  1. Белсенді түрде инвестициялар тарту, инвесторлармен нақты жұмыс жүргізу, әрбір инвестициялық жобаның экономикалық тұрғыда тиімділігін  арттыру.
  2. Шағын және орта бизнеске байланысты мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді түрде іске асыру және ASHYQ жобасын кеңейту.
  3. Уақытылы егін жинауды және құрылыс жұмыстарының маусымын тиімді жүргізуді қамтамасыз ету.
  4. «Еңбек» және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары шеңберінде тұрақты және уақытша жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету.
  5.  Азық-түлік тауарларына тұрақты мониторинг және бағаның шамадан тыс өсуін тежеу бойынша шаралар қабылдау.

Сөз соңында Әсет Ерғалиев жоғарыда аталған шараларды іске асыру еліміздің макроэкономикалық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік беретінін айтты.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге