Медиа орталық

Қазақстанның теңіз қақпасы – Ақтау әлемдік маңызы бар көлік-транзиттік торапқа айналады

Қазақстанның теңіз қақпасы – Ақтау әлемдік маңызы бар көлік-транзиттік торапқа айналады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында аймақтың көлік-логистикалық және инвестициялық әлеуетін арттыру керектігін алға тартты. Маңғыстау – географиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқан өңір, деді Президент.

«Біз бұл өлкені өзіміздің мықты жақтарымызды ұтымды пайдалану арқылы әлемдік деңгейдегі көлік-транзит торабына айналдыруымыз керек. Портты қала Ақтау – Қазақстанның теңізге шығатын қақпасы. Жаһандық логистикалық жүйе қайта қалыптасып жатқан қазіргі кезде Каспий теңізінің маңызы күрт арта түсті. Порттың инфрақұрылымын дамыту үшін инвестиция тартуды, контейнерлік және көлік-логистикалық хаб құруды көздеп отырмыз», - деді мемлекет Басшысы.

Президенттің айтуынша, экономиканың тұрақты дамуына тың серпін беру үшін облыстың инвестициялық әлеуетін арттырған жөн.

photo1667821762 (1).jpeg

«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының қызметі бұған мол мүмкіндік туғызып отыр. Бұл аймақ – инвестиция тарту, өнім өндіру, салық төлеу көрсеткіштері бойынша республикада ең үздік үш аймақтың бірі. Бұған дейін мен арнайы экономикалық аймақтарда бос жатқан жер телімдерін инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырдым. Осы жұмысты жандандырамыз», - деді мемлекет Басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеу мерзімін ұзартуы қажет деп есептейді. Қазақстан шетелдік әріптестермен инвестициялық ынтымақтастықты дамытып келе жатыр. Соның бірі – «Жасыл» сутегін өндіру және тарату орталығын» салу жобасы».

«Өткен аптада Еуропа кеңесінің Президенті Шарль Мишель біздің елге ресми сапармен келгенін білесіздер. Сол кезде Қазақстан мен «Неміс-Швед» компаниясы Svevind арасында инвестиция туралы тиісті келісімге қол қойылды. Инвестор Маңғыстау облысында «жасыл» сутегі өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, күніне 255 мың текшеметр су тұшытатын зауыт, 40 гигаватт жаңғыртылатын қуат көздері стансасын салу жоспарда тұр. Осы жоба жүзеге асырылса, құрылыс кезінде 3500, ал нысан іске қосылған кезде 1800 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Өз мамандарымызды оқытып, даярлаймыз. Тиісті инфрақұрылым салынады. Инвестор өзіне жүктелген әлеуметтік міндеттемелерін орындайды», - деді Президент.

Атап өтілгендей, аймақтың дамуына кешенді әлеуметтік-экономикалық әсерін тигізетін осындай жобалар көп болуы керек. Қазір бүкіл әлемде инвестиция үшін бәсеке күшейді. Біздің еліміз өз әлеуетін толық пайдаланып, инвестициялық ахуалды жақсартуға мықтап кірісуі керек. Үкімет пен әкімдер бірлесіп, бұл мәселеге баса назар аударуға тиіс, деді Мемлекет басшысы.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге