Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар шетелдік инвесторларға үлкен мүмкіндіктер береді — Әлихан Смайылов

Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар шетелдік инвесторларға үлкен мүмкіндіктер береді — Әлихан Смайылов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді, онда тұрақты жұмыс топтарының қызметі туралы есептер, Кеңестің 34-пленарлық отырысына дайындық барысы, сондай-ақ инвесторлардың Қазақстанда бизнес жүргізуіне қатысты өзекті мәселелер қаралды.

Отырысты ашқан ҚР Премьер-Министрі қазіргі таңда Үкімет шетелдік инвестициялардың ағынын сақтау және ұлғайту бойынша кешенді шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.

Өткен жылы ҚР-да $3,6 млрд-қа 44 жаңа инвестициялық жоба іске қосылды. Оған қоса жалпы құны $55 млрд болатын 700-ден астам қолданыстағы және әлеуетті жобалардың пулы пысықталды.

Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыру үшін Үкімет Инвестициялық саясаттың 2026 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасын әзірледі.

«Жаһандық трендтерді ескере отырып, жоғары өңдеу өнеркәсібіне, агроөнеркәсіп кешеніне, фармацевтикаға, көлік-логистика инфрақұрылымына және басқа салаларға инвестициялар тарту жұмысы жалғасады», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы аясында демократиялық және әлеуметтік-экономикалық қайта құру жолына бет алған Қазақстан бүгінде жаңа тарих беттерін ашып жатқанын атап өтті.

Ол қоғам өмірінің барлық салаларын қамтиды және заң шығарушы билік институтын нығайтуға, адал бәсекелестікті күшейту, жеке меншікті қорғау, экономиканы демонополизациялау арқылы экономиканы сапалы түрде жаңғыртуға бағытталған.

«Аталған шаралардың барлығы шетелдік инвесторларға көптеген экономикалық мүмкіндіктер туғызады. Осы орайда Қазақстан – елімізге адал еңбек етіп, табыс табуға келгендердің барлығы үшін сенімді инвестициялық серіктес болып қала беретінін тағы да атап өткім келеді», — деді Әлихан Смайылов.

Отырыста Премьер-Министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, энергетика министрі Болат Ақшолақов, «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев және т. б. баяндама жасады.

Шетелдік инвесторлар тарапынан «Қазақстанның Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы, «EY» компаниясының басқарушы серіктесі Ерлан Досымбеков, ҚР-дағы «ТотальЭнерджис» басшысы Алем Фрига-Ной, «КНАУФ» компаниясының өкілі Димитри Пропп, «KPMG» басқарушы серіктесі Сәкен Жұмашев, Ресей мен ТМД-дағы «GE» президенті Бела Ференци, «Филип Моррис Интернэшнл» басқарушы директоры Хуан Эскобар және т. б. сөз сөйледі.

Сонымен қатар отырыс барысында өткен кезеңде Кеңестің барлық жауапты мемлекеттік органдары мен ұйымдары, шетелдік компаниялары Кеңестің 33-пленарлық отырысының хаттамалық тапсырмаларын орындау бойынша тиісті шараларды қабылдағаны атап өтілді.

Бұл ретте қоршаған ортаны және су ресурстарын қорғау, жаңартылатын энергия көздеріне көшу және экономиканы декарбонизациялау – келешекте маңызы зор стратегиялық мақсаттарға айналады, Кеңестің 34-пленарлық отырысы осы мәселелерге арналады.

Отырысты қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Кеңес аясында ауқымды жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Айтылған ұсыныстар Үкіметте егжей-тегжейлі пысықталады.

«Шетелдік инвесторлардың барлық ұсыныстарын, сондай-ақ олардың Қазақстан аумағындағы инвестициялық қызметіне қатысты туындайтын мәселелерді талқылауға дайын екенімізді тағы да атап көрсеткім келеді», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге