Медиа орталық

Екіжақты ынтымақтастық: Маңғыстауда түрік капиталының қатысуымен 86 кәсіпорын жұмыс істейді

Екіжақты ынтымақтастық: Маңғыстауда түрік капиталының қатысуымен 86 кәсіпорын жұмыс істейді

Нұрлан Ноғаев Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу мырзамен кездесті. Жүздесуде тараптар сыртқы саудаға қатысушыларға қолайлы жағдайлар жасау және Маңғыстау облысы мен Түркия арасындағы көліктік-логистикалық қарым-қатынастарды дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Делегация құрамында Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу, Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Сабри Әлптекин, Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас Консулдығының атташесі Йылдырым Бюкер болды.

Түркия мен Қазақстан арасындағы білім саласындағы ынтымақтастық мәдени-гуманитарлық бағыттың маңызды бөлігі болып табылады. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда 2500-ге жуық қазақстандық студент түрік озық университеттерін бітіріп, екі елдің өзара қарым-қатынасын дамытуға өз үлесін қосуда.

Мәдени байланыстардың дамуының тағы бір дәлелі-Анкара-Астана, Алматы-Стамбул, Анталия-Талдықорған, Павлодар-Қайсери, Ақтау-Самсун, Шымкент-Измир сияқты егіз қалалардың санының артуы. Олардың тарихы мен әдебиетіндегі ұқсастық пен үндестіктің орны мен маңызы ерекше. Қазақстан мен Түркия Жазушылар Одағы арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда түрік тарапының қолдауымен 100-ден астам қазақ ақындары мен жазушыларының шығармалары аударылды.

Түркия аумағында көрнекті ұлт қайраткерлеріне, қазақ халқының ақындары мен жазушыларына, атап айтқанда Абай Құнанбайұлы, Абылай хан, Сүйінбай Аронұлы, Жамбыл Жабаев, Мағжан Жұмабаев, Қабанбай батыр және Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевқа ескерткіштер орнатылды. 2003 жылдан бері Ыстамбұлда Абай атындағы орта мектеп жұмыс істейді. 2020 жылы Эрзурум провинциясында ашылған бастауыш меткепке және Муш провинциясында ашылған орта мектепке Фараби аты берілді.

- Біздің бауырлас елдеріміз саясат, экономика, сауда, инвестициялар, қорғаныс ісі және өнеркәсібі, білім беру, денсаулық сақтау және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуда. Түркия Республикасы Маңғыстау облысының сыртқы сауда қатынастарында маңызды рөл атқарады. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында ғана Түркия Республикасымен сыртқы сауда айналымы 12,8 миллион долларға жетті: 5,1 миллион доллары экспорт, 7,7 миллион доллары импортқа тиесілі. Айта кету керек, қазіргі уақытта 2020-2026 жылдар аралығында түрік инвесторларының қатысуымен 800 миллиард теңгеден астам сомаға инвестициялық жобалар іске асырылуда, - деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Маңғыстау облысында түрік капиталының қатысуымен экономиканың түрлі салаларындағы 86 кәсіпорын тіркелген, олар тұрғын үйлер салу, мейрамханалар қызметі, азық-түлік жеткізу бойынша қызметтер көрсету, сауда объектілері болып табылатын мамандандырылған дүкендер.

Дереккөз: Маңғыстау облысының әкімдігі


Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге